CaspianLife, 5 мамыр — Атырау облысында 4 айдың ішінде 200-ден астам ата-ана балаға екпе салдырудан бас тартқан. Көпшілігі дінді алға тартса, өзгелері интернеттегі бейресми ақпараттарға көбірек сенеді. Бірақ мешіт ұстаздары дінде вакцинаға түбегейлі тыйым салынбағанын айтады
Атыраудағы «Иманғали» мешітінң ұстазы вакцинаны кәсіби мамандардың нұсқауымен салыну қажет дейді. Дін қызметкерлерінің айтуынша, олар халық арасында тек түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Екпені салу не салдырмау азаматтың өз еркінде. Ал дәрігерлер вакцинаның түрлі аурудың алдын алуға көмектесетінін айтады.
— Егер қандай да бір ауруға қарсы екпеден бас тартса, сол ауруға шалдығу мүмкіндігі жоғарылайды, — дейді №7 қалалық емхана директорының орынбасары Нұрханым Үмбетқалиева.
Осы мәселеге қатысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азаматтарға екпенің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр.