CaspianLife, 5 мамыр — Ішінде егеуқұйрық жүрген дүңгіршектің иесі 700 мың тенгеден астам айыппұл арқалайтын болды. Мұны санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары айтты. Қалада ірілі-ұсақты дүңгіршектер күннен күнге көбейіп келеді. Өкінішке қарай, мұндай субъектілерді ешкім тексере алмайды. Өйткені, елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тыйым салынған.
— Тексере алмайтынымыз қиын болып тұр. Себебі, қандай да бір шағын бизнестен жаппай улану тіркелмесе, біз оларды жоспардан тыс тексеру жұмысын жүргізе алмаймыз. 5 адамнан артық уланған жағдайда ғана арнайы рұқсатпен барып тексеруге болады. Ол үшін Атырау облыстық департаменті іс қозғап, қаулы шығару керек, — дейді жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әсем Жұбанова.
Жұрттың жағасын ұстатқан осы жағдайдан кейін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жұмысқа кірісіп, кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
— Кәсіпкерлер өздерінің халық алдындағы жауапкершіліктерін сезіне білу керек. Жұмыстарына мұқият болып, тазалықты басты назарға алған жөн. Біз өз тарапымыздан барлық жеке кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз, — дейді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Хамзин.
Биыл елімізде санитарлық талаптарды бұзудың 9 фактісі тіркеліп, 133 адам зардап шеккен. Ал биыл Атырауда улану дерегі тіркелмеген. Тек 4 шағым түскен. Кәсіпкерлерді тексеруге салынған мораторий ұзартыла ма, әзірге белгісіз. Оған дейін мемлекеттік органдар осындай жиналыстар мен семинарлар өткізіп, бизнесмендерді санитарлық талапты сақтауға шақырып жүре тұрмақ.
https://www.instagram.com/tv/CdA3Ng-D39u/?utm_source=ig_web_copy_link