CaspianLife, 4 мамыр — Маңғыстауда аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі шешілмей тұр. Мамандардың айтуынша, соңғы бес жылда құрылыс қалдықтарының көлемі екі есеге артқан. Бұл оны қайта өңдейтін кәсіпкерлер пайданың астында қалғалы тұр деген сөз. Бірақ соған қарамастан облыста қоқысты ақшаға айналдыруға тырысатын адам санаулы ғана.
«Біз тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен және сұрыптаумен айналысамыз. Қоқыс тек Ақтаудан шығарылады. Қоқысты жинағаннан кейін сұрыптап, көліктерге тиеп, өңдеуге жібереміз. Қазіргі уақытта бізде 12 қызметкер жұмыс істейді. Дегенмен жұмыс күші әлі де қажет. Тұрақты жұмыс іздеген, қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын кез келген адамды жұмысқа қабылдауға дайынбыз», — дейді жеке кәсіпкер Ирина Татиева.
Маңғыстаулықтар жыл сайын 180 мың тоннаға дейін қоқыс шығарады. Ал оны сұрыптаумен өңірде бар болғаны 11 жеке кәсіпкер айналысады екен.
«Жалпы 2021 жылғы есеп бойынша облыстағы түзілген тұрмыстық қатты қалдықтардың 27% сұрыптаудан өткен. Ал енді өңдеуге келетін болсақ, Жаңаөзен қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және сұрыптау комбинаты жұмыс жасайды. Біздің өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар яғни шикізат ретінде жоқ емес. Сондықтан келген кәсіпкерлерге әр ауданға жолдап сол жердегі полигондардағы сұрыптауға жіберуге рұқсат алып беріп жатырмыз», — Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Динара Еңсеген.
Шағын мұндай нысандар қазір тек қалдықтарды сұрыптаумен шектеліп отыр. Бірақ алдағы уақытта аймақта қоқысты қайта өңдейтін цехты іске қосу жоспарда бар. Сол кезде кәсіпкерлер Баянды, Мұнайлы және Жаңаөзендегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын игеруге кірісе алады. Ал әзірге полигондағы қоқыс көлемінің қайта өңделген қалдық көлемінен әлдеқайда артық екендігін мойындағаннан басқа қарекет қыла алмайтынымыз өкінішті.