Осы жылдың алғашқы екі айында Қытайдан экспортталатын тауар көрсеткіші рекордтық 60,6% — ға өсіп, 500 миллиард долларға жуық соманы құраған. Бұл туралы неміс БАҚ өкілдері хабарлады.
Бұл өткен жылдың алғашқы айларымен салыстырғандағы көрсеткіш. 2020 жылдың ақпан айы экономикаға әсер еткен қатаң карантиндік шаралар кезеңі болатын. Сол кезде көптеген ел қауіпті деп таныған Қытай тауарларынан бас тартты.
Алайда, көктемде Қытай пандемияны жеңіп, Еуропа мен Америка керісінше карантин енгізе бастады. Осылайша өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай жалпы ішкі өнім өсімін көрсеткен әлемдегі жалғыз ірі экономика болды.
Экспорттың тез өсуінің себебі – Қытайдың пандемия жағдайында талап етілетін тауарларды көп мөлшерде өндіруі. Атап айтқанда, медициналық маска мен жабдықтар, үйге қажетті электроника мен ноутбук секілді тауарлар.