Сатылған, жалға берілген жер учаскерлері үшін төленген 152 миллион теңге қазынаға түспеген. Бұл – Атырау облысының тексеру комиссиясы жүргізген аудит кезінде белгілі болды.
Олар қаңтар айында шаһардағы жер учаскелерін жалға беру мен сатудан түскен қаржының бюджетке түсуін тексерген. Нәтижесінде бірнеше келісімшарт бойынша түбіртек пен мемлеткетке төленуі керек соманың сәйкес келмейтіні анықталыпты. Мысалы, бір жер учаскесі 120 миллион теңгеге сатылғанымен, бірақ мемлекет қазынасына бар болғаны 12 мың теңгенің түбіртегі тапсырылған.
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы өткен жылы 200-ге жуық субъектіге тексеру жұмыстарын жүргізген. Олардағы келісім-шарттың жалпы сомасы 71 миллиард теңге. Оның ішінде ҚР заңнамасы нормаларының сақталмауы себепті орын алған бұзушылықтардың жалпы құны 2 миллиард теңгеге жуық. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 166 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Аслан Құмаровтың сөзінше, қаржылық бұзушылықтардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы азаяр емес.
Жалпы, комиссияның басты міндеті – мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларды іске асыру тиімділігін бағалап, оған талдау жүргізу. Және қаржылық бұзушылықтарды анықтау. Кейін жинақталған материалдардың барлығы құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданады.