Жаңаөзендік кәсіпкер тендер тәлкегіне душар болды. «Өзенмұнайгаз» компаниясына сервистік қызмет көрсету тендерін үш жылға жеңіп алған ол алғашқы жылын тәмәмдаған еді.
Бірақ жаңа жылдан бастап қалған екі жыл мерзімдік қызметті уақытынан бұрын қысқарту туралы хат алған. Келісім шарттың тоқтатылғанын өндірістік база жұмысшылары жаңа жыл тақағанда біледі. Тендерді жеңіп, үш жыл тұрақты жұмыс істейміз деп алаңсыз жүрген оларға бұл мүлдем күтпеген жағдай болғанын айтады.
Ерболат СҮЛЕЙМЕНОВ , мердігер мекеме директоры
Осыдан бір ай бұрын тендерде құжаттардағы қателікті анықтаған біздің заңгерлер «Самұрық-Қазынаға» арыз жазған. Содан «Өзенмұнайгазға» нұсқау келген. Содан кейін қудалау басталып отыр. Біздер, жеке кәсіпкерлер мұндайда кімге жүгінеді? Кім қорғайды? Соны сұрағымыз келеді.
Осының салдарынан өндірістік базадағы 30 адамның жұмыссыз қалатын түрі бар. Мұнай құбырларын жөндеуге машықтанған мамандар карантин салдарынан онсыз да біраз уақыт үйде отырдық, ал енді екіжылдық жоспардан айырылсақ, қалай күн көреміз дейді.
Ал мұнай компаниясының басшылығы болса мұндай қадамға жұмысты оңтайландыру мақсатында барғандарын айтады. Оның үстіне, әлемдік мұнай бағасының құлдырауынан экономикалық жағдайдың оңалмауы түрткі болды дейді. Олардың айтуынша, компания өткен жылдың өзінде 20 млрд. теңге шығынға ұшыраған.
Нұржан ӘБДІРАХМАНОВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары
Экономикалық жағдайға байланысты жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында 66 млрд. тенгені үнемдеуге көштік. Оның ішінде «Орда» өндірістік базасы атқаратын жөндеу жұмыстарын қысқартып, мұны өз күшімізбен жасаймыз деп шештік. 2018 жылы ашылған арнайы цехымызда өз жұмысшыларымыз бөлшектерді жасауға және жөндеу жүргізуге қауқарлы.